2027 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан тұрғындары емханаға алғашқы барғанда базалық көмек алу үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде сақтандырылған мәртебесінің болуы талап етілмейді. Денсаулық сақтау министрлігінің тиісті бұйрық жобасы ашық нормативтік құқықтық актілер порталында жарияланды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Құжатқа сәйкес, сақтандырылмаған пациенттер жалпы қан және зәр талдауын тапсырып, электрокардиография (ЭКГ), флюорография жасай алады, сондай-ақ бүйрекке ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) жүргізе алады.
«Осылайша, тізбеде көзделген базалық көмекті алғашқы қаралу кезінде алу үшін сақтандырылған мәртебесінің болуы талап етілмейді», — делінген жобаның негіздемесінде.
Жаңашылдықтың басты мақсаты — емханалардағы түсініспеушілікті жою. Бүгінде пациенттер кепілдік берілген тегін медициналық көмек қай жерде аяқталып, МӘМС пакеті қай жерден басталатынын жиі шатастырады. Қос стандартқа жол бермеу үшін Денсаулық сақтау министрлігі бірыңғай әрі түсінікті ережелерді енгізуде: алғашқы келу кезіндегі базалық көмек барлығына да қолжетімді болуы тиіс.
Емханалардың пациенттермен байланысу тәртібі де өзгереді. Азаматтарға медициналық дерекқорларға қосылған арнайы автоматтандырылған бағдарламалар қоңырау шалады. Бұл тіркеу бөлімі қызметкерлерінің жүктемесін азайтып, адамдарды алдағы қабылдаулар, скринингтер немесе тексеру нәтижелері туралы тезірек хабардар етуге мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау министрлігі бұйрық жобасының талқылауы осы жылдың 23 қазанына дейін жалғасады. Егер қарсылықтар түспесе, жаңа нормалар 2027 жылы күшіне енеді.
Бұған дейін республикада отандық емханалардың жұмысын бағалау тәсілін өзгерту жоспарланып отырғаны белгілі болды. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) ұйымдары 100 балдық шкала бойынша бағаланады. Тексерулер тоқсан сайын әрі автоматты түрде — медициналық ақпараттық жүйелердің деректері негізінде жүргізіледі.


