«Ұмай» әйелдер ипотекасына өтінім қабылдау басталған күні «Отбасы банк» бөлімшелерінің бірінің кіреберісіне халықтың көп жиналғаны туралы видео әлеуметтік желілерде тарады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Банк бөлімшесі жанындағы кезекті бейнежазбаны Instagram желісіндегі ipoteka_sunkar аккаунты жариялады. Видеоның сипаттамасында «Отбасы банк» және «Ұмай» деп көрсетілген.

«Отбасы банк» баспасөз қызметі NUR.KZ тілшісіне хабарлағандай, «Ұмай» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау мен қарыз беру Азия даму банкінен (АДБ) транштар келіп түсуіне қарай жүргізіліп жатыр.

«2026 жылғы 3 қарашада көлемі 20 млрд теңге болатын екінші транш бойынша өтінім қабылдау басталды. Сағат 11:30-да 300 өтінім қабылданды. Өтінімдер келіп түсу тәртібімен қаралады. Бағдарламаға деген қызығушылық оның шарттарына байланысты: конкурссыз қатысу, төмендетілген бастапқы жарна, тұрғын үйді бастапқы да, қайталама нарықтан да сатып алу мүмкіндігі, меншікте тұрғын үй болмауы туралы талаптың жоқтығы. Барлық өтінім бағдарлама шарттарына сәйкестігі тұрғысынан стандартты тексеруден өтеді», — деді банкте.

Баспасөз қызметі өтінімді «Бейнеқызмет көрсету» сервисі арқылы онлайн, «Отбасы банк» кеңесшілері арқылы немесе бөлімшеде беруге болатынын қосты.

«Өтінім қабылдау басталған күні банк сервистеріне өте жоғары жүктеме түсті, соның салдарынан кейбір клиенттер кеңес алуға және құжат тапсыруға жүгінгенде кідірістерге тап болды. Банк сервистер жұмысын тұрақтандыру үшін шаралар қолданып жатыр. Өтінім қабылдау жалғасуда, оның ішінде бөлімшелер, кеңесшілер және бейнеқызмет арқылы», — деп қосты баспасөз қызметі.

Сондай-ақ банкте бірінші транш (9 млрд теңге) бойынша өтінім қабылдау 2026 жылғы 31 тамызда басталғанын еске салды. 2026 жылғы 3 қарашадағы жағдай бойынша бірінші транш қаражаты 96%-ға пайдаланылып, 8,6 млрд теңгеге 435 қарыз берілген.

Еске салайық, бұған дейін 3 қарашадан бастап Қазақстанда «Ұмай» әйелдер ипотекасына қатысуға өтінім қабылдаудың екінші кезеңі басталатыны хабарланған болатын. Оның аясында 50 млн теңгеге дейінгі сомаға тұрғын үй қарызын алуға болады.