Панамада 7,6 магнитудалық қуатты жер сілкінісі болып, Орталық және Оңтүстік Американың батыс жағалауында цунами қаупі жарияланды. Бұл туралы АҚШ геологиялық қызметі (USGS) хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.
Америкалық ведомствоның мәліметінше, жер сілкінісі елдің оңтүстік жағалауында болған. Оның ошағы Орталық Америка елінің оңтүстік шетіне, Питандо Ариба деген шалғай елді мекеннен шамамен 14 шақырым оңтүстік-батысқа қарай орналасқан.
Панама университетінің Геоғылымдар институты жер сілкінісі жергілікті уақытпен түске таман Тонози қаласының маңында болғанын мәлімдеді. Панамалық институттың хабарлауынша, көп ұзамай, сағат 13:22-де тағы бір 6,0 магнитудалық жер сілкінісі тіркелген.
Жергілікті La Prensa газетінің жазуынша, «жердің қуатты қозғалысы» салдарынан бүкіл Орталық Америка елінде ғимараттар, мектептер мен тұрғын үйлерден адамдар көшірілген.
Reuters агенттігіне сөйлескен куәгерлердің айтуынша, Панама астанасында дүмпу қатты сезілген. Associated Press агенттігінің хабарлауынша, ғимараттар шайқалып, үрейленген тұрғындар сыртқа шығып, жер сілкінісінің салдары туралы жаңалық күткен.
USGS мәліметінше, Коста-Рика, Эквадор, Перу, Никарагуа, Гватемала, Сальвадор және Мексика жағалауларында қауіпті толқындар болуы мүмкін.
Толығырақ ақпарат жақын арада жарияланады…


