Панамада магнитудасы 7,7 балдық жер сілкінісі болып, ғимараттар қирады. Көршілес елдерге цунами қаупі туралы ескерту жарияланды. АҚШ геологиялық қызметінің мәліметінше, сілкіністі шамамен 4,6 миллион адам орташа әрі қатты діріл ретінде сезінген. Ведомство апат салдарының «кең ауқымды болуы ықтимал» екенін мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жер сілкінісі жергілікті уақытпен сағат 15:00-ге таяу (Гринвич уақытымен 18:00) болған. АҚШ цунами ескерту жүйесінің хабарлауынша, сілкініс Колумбия, Коста-Рика, Чили және Мексикада цунами тудыруы мүмкін.

Эпицентр Панаманың оңтүстік-орталығындағы Питалоса-Арриба атты шағын қаладан шамамен 10 шақырым жерде орналасқан. Одан кейін бірнеше таяз афтершок тіркелді.

Желіде тараған бейнежазбаларда Пенономе және Сона қалаларындағы қираған ғимараттар көрінеді. Алайда бұл жазбаларды Би-би-си растай қойған жоқ.

Сілкініс небәрі 12 шақырым тереңдікте тіркелген. Жер сілкінісі неғұрлым таяз болса, оның жер бетіне әсері соғұрлым қатты болады.

Дегенмен апаттың толық ауқымы, сондай-ақ зардап шеккендердің бар-жоғы әзірге белгісіз.

Франс-Пресс агенттігінің хабарлауынша, шамамен 200 шақырым жердегі Панама қаласында көптеген адам ғимараттардан көшірілді.

Бұл жер сілкінісі Панамада ірі жер сілкінісіне дайындық бойынша ұлттық оқу-жаттығу өткізілуіне үш күн қалғанда болды. Сондай-ақ биыл Колумбия мен Венесуэлада да қиратқыш жер сілкіністері болған еді.