Марқұм музыкант Майкл Джексонның қызы Пэрис Джексон әкесінің мұрасын басқарушыларды өзі мен аға-інілері үшін құрылған отбасылық қорға 600 миллион доллар аударуға міндеттеуді сұрап, сотқа жүгінді. Бұл туралы People басылымы жазды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Сот өтінішінде мұрагер Майкл Джексон қайтыс болғаннан кейін 17 жылдан астам уақыт өтсе де, балаларға арналған трастқа ақша түспегенін көрсетті. Өсиеттің шарты бойынша мұрагерлер қордағы үлестерінен тұрақты табысты 21 жасынан бастап ала бастауы, содан кейін негізгі капиталды 30, 35 және 40 жасында бөліп алуы тиіс еді.
Пэрис Джексон ағасы Принстің жақында 30 жасқа толатынын, ал інісі Биджидің 24 жасқа толғанын атап өтті. Алайда отбасы тиесілі қаражатты толық көлемде әлі көрген жоқ.
Пэрис Джексонның өкілдері 2024 жылдың соңына қарай мұра активтері шамамен 850 миллион доллар қолма-қол ақша мен оның баламаларынан тұрғанын айтады. Олардың пікірінше, бұл қаражат балаларға төлем ретінде 600 миллион долларды тәуекелсіз бөлуге әбден жетеді. Сонымен қатар мұрагер қаржыны басқару туралы алғашқы сұрақтарынан кейін өзіне және аға-інілеріне төленетін ағымдағы төлемдердің күрт қысқарғанын мәлімдеді.
Қорды басқарушылар мұндай ірі соманы аударуға қарсы. Олар кідірісті шешілмеген құқықтық даулармен, оның ішінде АҚШ Салық басқармасының шамамен 700 миллион доллар көлеміндегі салық талаптарымен түсіндіреді. Әкімшілер үш баланы күтіп-бағуға 200 миллион доллардан астам қаражат жібергенін алға тартады. Бұл талап бойынша сот отырысы 4 желтоқсанға белгіленген.


