Армения премьер-министрі Никол Пашинян Әзірбайжанмен тең аумақ алмасуды ұсынып, анклавтар мен эксклавтар мәселесін шешуді көздеді. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

РБК дерегінше, Армения үкіметінің басшысы Әзірбайжанмен шекараны сәтті межелеудің негізгі шарттарын атады. Оның айтуынша, делимитация мен демаркация үдерісі тек Алматы декларациясына сүйенуі тиіс, әрі Арменияның егеменді аумағы белгіленген шекарада — 29 743 шаршы шақырым болып қалуға міндетті.

«Анклавтар мен эксклавтар мәселесі мына формула бойынша шешілуі керек: шекараның екі жағында да анклавтар мен эксклавтар болмауы тиіс. Яғни Армения да, Әзірбайжан да нақты мөлшердегі аумақтарды өзара алмасуы қажет», — деп келтіреді Пашинянның сөзін ТАСС.

Премьер Пашинянның айтуынша, Армения мен Әзірбайжан бір-біріне ешқандай талап қоймауы керек, «Қарабақ, Гардман, Ширван, Нахшыван немесе „Батыс Әзірбайжан“ логикасын қоса алғанда». Сондай-ақ ол барлық коммуникациялар «Бейбітшілік торабы» жобасы аясында да, одан тыс та ашылуы тиіс екенін, ал барлық жолдар Армения мен Әзірбайжан арқылы жүруге ашық болуы керектігін атап өтті.

Еске салайық, 2025 жылдың тамызында Армения мен Әзірбайжан көшбасшылары Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамптың қатысуымен екі ел арасындағы бейбіт қатынастар туралы декларацияға қол қойған болатын. Бұл Армения мен Әзірбайжан арасындағы шамамен төрт онжылдыққа созылған қантөгіс қақтығыстан кейін орын алды.

Осыдан кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонда қол қойылған Әзірбайжан мен Армения арасындағы бейбіт келісімді жоғары бағалап, АҚШ-тың делдалдық рөлін және Қазақстанның қосқан үлесін атап өтті.

2024 жылдың сәуірінде Армения мен Әзірбайжан арасында көптен күткен шекараны делимитациялау үдерісі басталды. Онда шекара маңындағы төрт әзірбайжан ауылының айналасындағы аумақ туралы сөз болды, Армения ол ауылдарды Әзірбайжанға қайтаруға келіскен еді.