Павлодарда ер адам кәмелетке толмаған өгей қыздарын зорлап, оларды АИТВ-инфекциясымен жұқтырғаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Тергеу нұсқасы бойынша, павлодарлық 2018 жылы екі қызы бар әйелмен азаматтық некеде тұра бастаған. Екі қыз да ақыл-ой кемістігінен зардап шегеді.
2025 жылдың желтоқсанында анасы үйден шығып кетіп, балаларды өгей әкесінің қарауында қалдырған. Ол ішімдік ішіп, бірнеше сағаттан кейін 10 жастағы өгей қызына тиіскен. Бір сағаттан соң 11 жастағы үлкен қызын да зорлаған.
Кейін ер адамның АИТВ-мен ауыратыны, жәбірленушілерді жыныстық жолмен жұқтырғаны анықталды. Бүгін оған үкім шығарылды.
«Қылмыстардың жиынтығы бойынша түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау, сонымен қатар педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмысқа байланысты лауазымдарды өмір бойына атқару құқығынан айыру. Жазаны өтеуді төтенше қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде белгілеу», — деп жариялады үкімді Павлодар облысы бойынша ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соттың судьясы Жанна Нығыбаева.
Қылмыстық іс екі бап бойынша қаралды, екеуі бойынша да сот өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.


