Павлодарда ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сот пробация қызметінің бұрынғы инспекторына үкім шығарды. Ол сотталған адамнан 400 мың теңге пара алған деп айыпталған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Үкімге сәйкес, 10 тамызда полицейлер жүргізуші куәлігі жоқ көлік жүргізген сотталған адамды ұстаған. Осыдан кейін пробациялық бақылау қызметінің инспекторы тиісті шара қолдануы керек еді, бірақ ол ештеңе жасамаған. Екі аптадан кейін есепте тұрған адам қайтадан рөлге отырған, бұл жолы мас күйінде.
Сот шешімімен жүргізуші 15 тәулікке қамауға алынған. Ол бостандыққа шыққан соң ескерту жасауы тиіс өз инспекторына барған.
«Оған жүктелген міндеттемелерді елемей, яғни ескерту жасау және жазаны өтеу тәртібін қасақана бұзған адамдарға қатысты бас бостандығын шектеу түріндегі жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы ұсынымды сотқа жіберу міндетін атқармай, ескерту жасамау және ұсынымды сотқа жібермеу түріндегі заңсыз әрекетсіздігі үшін 400 мың теңге көлемінде ақша беру қажеттігін мәлімдеді», — делінген Павлодардың ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының үкімінде.
Бірнеше күннен кейін пробация қызметінің инспекторы өз кабинетінде ақшаны алған, содан соң оны Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері ұстаған. Ол кінәсін жоққа шығармай, бас бостандығынан айырмауды сұраған.
Іс материалдарын зерделеген сот оған 12 млн теңге айыппұл жазасын тағайындады.


