Павлодар тұрғыны көлігінің тіркеу нөмірін жасыруға әрекет жасағаны үшін жауапқа тартылды: сот оған әкімшілік қамау жазасын тағайындап, көлік құралын басқару құқығынан айырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Павлодар облысы соттарының ресми Telegram-арнасында мәлім болғандай, Железин аудандық соты Павлодар тұрғынына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады. Ер адам мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін сәйкестендіруге кедергі келтіретін және оларды өзгертуге мүмкіндік беретін материалдарды пайдаланып, көлік басқарған. Осы әрекеттерімен ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 4-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықты жасаған.

Сот анықтағандай, ағымдағы жылдың қыркүйегінде ер адам Омбы — Майқапшағай тас жолында Toyota Camry көлігін басқарып келе жатып, сәйкестендіруден жалтару үшін тіркеу нөмірлік белгісін қағаз парағымен жапқан. Бұзушылық анықталған соң көлікті полиция қызметкерлері алып қойған.

Сот отырысында жүргізуші кінәсін толық мойындады.

Жаза тағайындау кезінде сот кінәні мойындауын, өкінуін, сондай-ақ бұған дейін ер адамның әкімшілік жауапкершілікке тартылмағанын ескерді. Жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сот қаулысымен ер адам кінәлі деп танылды. Оған екі тәулікке әкімшілік қамау жазасы және бір жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды.

Алып қойылған көлікті заңды иесіне қайтару туралы шешім шығарылды. Қаулы заңды күшіне енді.