Петропавлда таңертең үйден шығып, із-түзсіз жоғалған 13 жасар оқушы сәндік пештің ішінде ұйықтап жатқан жерінен табылды. Ол жылыну үшін сонда тығылған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ішкі істер министрлігінің ақпараттық медиапорталының мәліметінше, 10 қарашада сағат 17:30 шамасында Петропавлдағы «102» арнасына Жұмысшы кентінің тұрғыны хабарласып, 13 жасар ұлының із-түзсіз жоғалғанын айтқан. Бала таңертең үйден шығып, қайтып оралмаған, қасында телефоны болмаған.
Жасөспірімді іздеуге бірден патрульде жүрген полицияның кешенді күштері жұмылдырылды. Іздеуге барлық қызмет тартылып, оның ішінде жедел әрекет ету арнайы жасағының сарбаздары да болды. Жұмысшы кентінің жету қиын учаскелері мен оның маңын тексеру үшін үш дрон көтерілді.
Жедел басқару орталығының инспекторлары бейнебақылау камераларының жазбаларын қарап шықты. Олармен бірге орталықта Петропавл қалалық полиция басқармасы екінші бөлімінің жедел уәкілі Төребек Кәлелов жұмыс істеді. Дәл сол адам баланы камера жазбаларынан байқап, оның кент шетіндегі Зайцев көшесіне дейінгі маршрутын анықтады.
Сағат 18:30 шамасында жасөспірім үйлердің бірінің жанында орнатылған сәндік пешке кіріп кеткен. Кейін ол полицейлерге жылынуды ойлағанын, бірақ ұйықтап қалғанын түсіндірді. Тәртіп сақшылары оны сол жерден тауып, аман-есен үйіне қайтарды.
Бұған дейін бала үйден кетіп көрмеген. Оның бұл қадамының себебін ювеналды полиция қызметкерлері анықтайды. Қазіргі таңда ата-анасымен және жасөспіріммен профилактикалық әңгіме жүргізілді.


