Польша билігі Ресейдің Калининград облысымен шектесетін аудандарда арнайы операция бастағанын жариялады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Арнайы операцияның басталғаны туралы Польша полициясының бас коменданты Марек Боронь мәлімдеді. Оның айтуынша, операция барлау қызметінің ықтимал диверсиялар туралы ескертулерінен кейін басталған. Ел билігі Польшаның әскери барлау қызметінен және одақтас мемлекеттердің арнайы қызметтерінен «Ресеймен шекарада ықтимал диверсиялық әрекеттер туралы» ескертулер алған. Материалда айтылғандай, сөз шекарадан қарулы топтардың өтуге әрекеттенуі туралы болып отыр.

«Бұл біздің еліміздегі қазіргі жағдаймен — диверсиялармен, саботажбен, шығыс арнайы қызметтерінің осы гибридтік қылмыстық әрекеттерінің барлық түрлерімен тікелей байланысты», — деді Боронь.

Операция елдің солтүстік-шығысындағы воеводстволарда жүргізілуде. Оған полиция, армия, шекара қызметі, арнайы қызметтер және терроризмге қарсы бөлімшелер қатысуда. Іс-қимылды үйлестіру үшін Полицияның бас басқармасында арнайы штаб құрылып, шекара маңындағы аудандарға бірнеше воеводстводан қосымша полиция күштері жіберілді.

Боронь қолданылып жатқан шаралардың алдын алу сипатында екенін атап өтті. Оның айтуынша, олардың мақсаты — шекара маңындағы аудандар тұрғындарының, мемлекеттік мекемелердің және диверсиялардың нысанасына айналуы мүмкін өзге де нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

«Бұл, соның ішінде, шетелдік арнайы қызметтерден алып отырған ақпаратпен байланысты. Біздің міндетіміз — онда тұратын азаматтар мен мекемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамды кез келген ықтимал қауіптерден қорғау», — деді полиция басшысы.

Сонымен қатар ол қосымша күштердің жіберілуі Польшаның Конституциялық трибуналына қатысты саяси дағдарыспен байланысты деген болжамдарды жоққа шығарды.