Түнде ұйықтап жатқанда жатын бөлмедегі ауаны тазарту преддиабеті бар адамдардың қандағы глюкоза деңгейін тұрақтандыруға көмектеседі. Бұл туралы News-Medical порталы жазып, infohub.kz сайты хабарлады.
NYU Langone Health медициналық орталығының ғалымдары адамдарға қатысты осындай алғашқы зерттеуді жүргізді. Тәжірибеге преддиабеті — қанттың қалыптан жоғары болғанымен, диабет әлі дамымаған шекаралық жағдайы бар 150-ден астам ерікті қатысты.
Қатысушыларды екі топқа бөлді: бір ай бойы бірі HEPA-сүзгілері (ауаны тазартатын жоғары тиімді сүзгілер) жұмыс істеп тұрған бөлмелерде ұйықтаса, екіншісі жұмыс істеп тұрғандай көрініс жасайтын, бірақ ауаны тазартпайтын жалған аспаптармен ұйықтады.
Нақты сүзгілер жатын бөлмелердегі ұсақ зиянды бөлшектердің концентрациясын 36 пайызға азайтты. Нәтижесінде бірінші топтағы қатысушылардың қант деңгейінің тәуліктік ауытқуы шамамен 8 пайызға азайды. Сонымен қатар таза ауа таңғы астан кейінгі глюкозаның секіруін де тегістеуге көмектесті: оның ең жоғары мәндері 13 пайызға төмендеп, тамақтан кейінгі қандағы артық қанттың жалпы көлемі 17 пайызға құлдырады.
Жұмыс авторлары ластанған ауа тек өкпеге ғана емес, жүрек пен зат алмасуға да зиян келтіретінін атап өтті. Қан ағынына түскен микроөлшектер қабыну процестерін тудырады. Зерттеушілер ауаны үнемі сүзуден өткізу диабеттің дамуын болдырмай ала ма және инфаркт не инсульт қаупін азайта ала ма, соны анықтау үшін жобаны жалғастырмақ.


