Көңіл-күйдің түсуі, үнемі мазасыздану, әдеттегі істерге қызығушылықтың жоғалуы, ұйқы мен тәбеттің бұзылуы, күш-қуаттың азаюы, зейін қою, қарым-қатынас жасау, жұмыс немесе оқудағы қиындықтар — бұл жағдайлар уақытша болуы мүмкін, бірақ кейде олар кәсіби көмек қажет екенін білдіреді. Қандай белгілерде дәрігерге баруды кейінге қалдыруға болмайтынын және қайдан көмек алуға болатынын Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі түсіндірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Мазасыздық, көңілдің түсуі және эмоционалдық күйзеліс өмірдің әртүрлі кезеңдерінде туындауы мүмкін. Бірақ бұл жағдайлар күнделікті өмірге кедергі келтіре бастағанын байқау маңызды», — дейді дәрігерлер.
Ведомство назар аударуға тұрарлық белгілерді атады: көңіл-күйдің түсуі немесе үнемі мазасыздану; әдеттегі істерге қызығушылықтың жоғалуы; ұйқының, тәбеттің немесе күш-қуат деңгейінің өзгеруі; зейін қою, қарым-қатынас жасау, жұмыс немесе оқудағы қиындықтар.
Дәрігерлер атап өткендей, егер мұндай өзгерістер сақталып, күшейе түссе немесе өмір сүру сапасына айтарлықтай әсер етсе, маманға жүгінген жөн.
Неден бастау керек? «Сіз алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) дәрігеріне, психологқа немесе психикалық денсаулық орталығына жүгіне аласыз. Жастар психологиялық қолдауды жастардың денсаулық орталықтарынан (ЖДО) да ала алады», — делінген Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында.
Сонымен қатар, ҰҒДСО сайтында «Сенім және анонимді көмек қызметі» жұмыс істейді, онда өз жағдайыңызды құпия түрде сипаттап, психологқа өтініш жібере аласыз.
Ведомство бәрін өз бетінше шешу міндетті емес екенін атап өтті. Кәсіби көмекке жүгіну — әлсіздік белгісі емес, өз денсаулығыңызға қамқорлық.
Бұған дейін «Курсив» Денсаулық сақтау министрлігі Маңғыстаудағы психикалық денсаулық қызметтерінің жұмысын тексергенін жазған болатын. Тексеру кезінде облыста динамикалық бақылауда 9 мыңнан астам адам, оның ішінде 2,5 мыңнан астам бала болған.


