Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин елдің Еуропамен соғысқа ұмтылмайтынын, алайда оған дайын екенін мәлімдеді. Ол бұл туралы Ресей — Африка саммитінің қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
NUR.KZ агенттігінің РБК-ге сілтеме жасап берген ақпаратына қарағанда, Ресей Федерациясы мен Еуропа елдері арасындағы ықтимал қақтығыс жөнінде Ресей көшбасшысы былай деді: «Көбісі 2030 жылға қарай соғысқа дайындалу керек пе, жоқ па деп қана әңгіме қозғайды. Біз, біріншіден, дайынбыз. Бірақ біз Еуропамен ешқандай соғысты қаламаймыз. Егер біреу қаласа — дайындалсын».
Путин Батыстың қазір Ресейге стратегиялық жеңіліс келтіру мақсатына жете алмағанын, ал 2030 жылға қарай бұған қол жеткізу екіталай екенін атап өтті. «Ал егер іс тым алысқа кетсе — жеңімпаз мүлде болмайды. Ешкім бұны ұмытпасын», — деп қосты президент.
Ол сондай-ақ Ресейде Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыстардың сабақтары есте сақталып, ондай жағдай қайталанбауы үшін барлық шара қолданылып жатқанын мәлімдеді.
Еске салайық, маусым айында НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте Ресей альянс үшін ұзақ мерзімді қауіп болып қала беретінін мәлімдеген еді. Тамыз айында альянстың Ресеймен соғыс жағдайына арналған жоспар дайындағаны белгілі болды. Осыдан кейін Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Еуропа елдерін ресейлік аумақтарға шабуыл жасаудың салдары туралы ескертті.


