Ресей Украина бойынша үшжақты байланыстарға қайта оралуға дайын, алайда олардың мақсаты ұрыс қимылдарын қысқа мерзімге тоқтату емес, түпкілікті бейбіт келісім әзірлеу болуы тиіс. Бұл туралы Ресей президенті Владимир Путин мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
РИА Новости агенттігінің хабарлауынша, «Вести» ақпараттық қызметінің журналисі Павел Зарубинмен әңгімесінде ресейлік көшбасшы келіссөздердің нақты неге бағытталуы керектігін түсіндірді. Оның айтуынша, тараптар бейбіт уағдаластықтарға қол жеткізгеннен кейін қауіпсіздік мәселелерін талқылауы керек.
«Бұл келіссөздердің мақсаты – ұрыс қимылдарын қысқа уақытқа тоқтату нәтижесінде емес, түпкілікті нұсқадағы бейбіт келісімдерге қол жеткізгеннен кейін Украина мен Ресейдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін талқылау болады», – деп атап өтті Владимир Путин.
Ресей президенті сондай-ақ украиндарды Ресейге жақын халық деп атады және Мәскеу Украинамен соғысқысы келмейтінін, қақтығысты бейбіт жолмен шешуді бірінші күннен бастап жақтап келе жатқанын мәлімдеді.
«2014 жылы бұл туралы айтқанбыз: «Келіңіздер, сол кездегі Украинаның оңтүстік-шығысымен келісуге көмектесейік». Жоқ! Бейбіт тұрғындарға қарсы зеңбіректер, ұшақтар. Соғысты іс жүзінде бастап кетті», – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Владимир Путин Владимир Зеленскийдің аумақтарды беруге дайын екендігі туралы сөздеріне жауап берген болатын.


