Қарағандыда қараусыз қалған қой үйірі жолдың жүріс бөлігіне шығып кетіп, полицияның назарына ілікті. Мал иесі табылды, алайда оған жаза қолданылмады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
qaragandy.online Instagram-аккаунтында жүріс бөлігіндегі қой үйірі түсірілген бейнежазба жарияланды. Жазбада мал Қарағандының 21-шағын ауданында қызыл шамда жолдан өткені көрсетілген.
«Новости ІІМ» Telegram-арнасы әлеуметтік желідегі қараусыз қалған ұсақ мал бейнеленген жазбаны зерделегенін мәлімдеді. Полицейлер мал жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін болғандықтан, іздестіру жұмысын дереу ұйымдастырғаны атап өтілді.
«Тексеру барысында мал 73 жастағы зейнеткерге тиесілі екені анықталды. Қарияның айтуынша, малды қораға айдап бара жатқанда олар кенеттен үркіп, әр жаққа қашып кеткен. Зейнеткер оларды қайтаруға тырысқан, бірақ қуып жете алмай, көзден таса қылған», — деп қосты Ішкі істер министрлігінде.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ауыл шаруашылығы малдарын жаю және ұстау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Алайда зейнеткердің жасы мен болған жағдайды ескере отырып, полиция қызметкерлері ауызша ескертумен шектелді.
Тәртіп сақшылары тұрғындарды мал жаю және ұстау ережелерін сақтауға, малдың жолға шығуына жол бермеуге шақырады.


