Бүгіннен бастап Қазақстанда жаңа тұрғын үй кешендерінің ауласында арнайы техниканың жүруіне арналған белгі қоюды міндеттейтін бұйрық күшіне енді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Мұрат Мұханов мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Министрдің айтуынша, ведомство нормативтік-құқықтық актілерге тиісті толықтырулар енгізген және олар күшіне еніп үлгерген. «Бұл норма жаңа нысандарға қатысты болса да, мұнда (Астанадағы "Грант Алатау" тұрғын үй кешені — Ред.) біз ПИК-пен келісіп, арнайы белгі мен тыйым салатын таңба орнаттық. Басқа аулаларда да орнатуды жалғастырамыз», — деді Мұрат Мұханов.
ТЖМ басшысы арнайы техникаға арналған алаңқайға бірінші рет кірген жүргізушіге 5 АЕК (21 625 теңге) мөлшерінде айыппұл салынатынын нақтылады. Жыл ішінде қайта бұзған жағдайда өндіріп алу сомасы 10 АЕК-ке (43 250 теңге) дейін өседі.
Еске салайық, сәуірде Астанада болған қайғылы оқиға кең резонанс тудырған еді. 12 сәуірге қараған түні Есіл ауданындағы Түркістан көшесінде 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерде өрт шықты. Сол кезде 20 адам қауіпсіз жерге көшірілді, алайда пәтерден үш кәмелетке толмаған баланың денесі табылды. Сонымен қатар бір әйел күйік алып, ауруханаға жатқызылды.
Осыдан кейін депутат Олжас Күспеков үйлердің жанында өртке қарсы дәліздер жасауды, сондай-ақ құтқарушыларға кедергі келтіретін көліктерді алып тастауға және зақымдауға рұқсат беруді ұсынды. Ал ТЖМ құтқарушыларға жолды бөгейтін көліктерді соғып кетуге рұқсат беретін депутаттар бастамасына қатаң қарсы екенін білдірген мәлімдеме жасады. 10 қарашада ТЖМ басшысы еркін жүріп-тұруға және арнайы көлікке орын бөлуге қатысты түзетулер туралы айтқан болатын.


