Қазақстанға визасыз келетін шетелдік азаматтар енді кіруге электрондық рұқсат рәсімдеуге міндетті болады. Құжатты қалай алуға болатынын және кімге қажет еместігін FlyArystan әуе компаниясы түсіндірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Республикада визасыз режиммен келетін шетелдіктер үшін жаңа кіру жүйесі енгізілуде. Шекарадан өту үшін оларға QazETA мобильді қосымшасы арқылы рәсімделетін электрондық рұқсат қажет болады. Өзгерістер туралы жолаушыларға FlyArystan әуе компаниясы еске салды.
Жаңа ережелер 2026 жылғы 24 қазаннан бастап күшіне енеді, алайда жүйе біртіндеп енгізіледі.
«Электрондық рұқсат тегін рәсімделеді және 180 күнтізбелік күнге жарамды. Ол үшін QazETA қосымшасын жүктеп, тіркелуден және сәйкестендіруден өтіп, өтінішті жоспарланған кіру күнінен кемінде 72 сағат бұрын беру қажет. Шекарада рұқсат қай паспортқа рәсімделсе, сол паспорт көрсетіледі.
2026 жылғы 1 қарашадан бастап рұқсаттың болуы Ақтау халықаралық әуежайында тексеріле бастайды, 2027 жылғы 1 қаңтардан — Астана мен Алматы әуежайларында, ал 2027 жылғы 1 наурыздан — қалған өткізу пункттерінде. Бұл кезеңде рұқсаты жоқ шетелдікке кіруден бас тартылмайды, бірақ оны рәсімдеу қажеттігі түсіндіріледі. 2027 жылғы 1 шілдеден бастап рұқсат міндетті болады: онсыз Қазақстанға кіруден бас тартылады», — делінген хабарламада.
Айта кетейік, рұқсат 16 жасқа дейінгі балаларға, 65 жастан асқан адамдарға, Қазақстанның қолданыстағы визасы барларға, уақытша тұруға рұқсаты немесе тұруға ықтиярхаты бар шетелдіктерге, сондай-ақ әуежайдың транзиттік аймағынан шықпайтын транзиттік жолаушыларға қажет емес. Барлығы 29 санаттағы адамдар босатылған, бірақ растайтын құжаттар қажет.
FlyArystan жолаушыларға Қазақстан Республикасына кіру талаптарымен алдын ала танысып, электрондық рұқсаттың қажет-қажет еместігін сапар алдында тексеруді ұсынады. Бұл рәсімдеуді соңғы сәтке қалдырмауға мүмкіндік береді.


