Қазақстанның ерлер құрамасы Марокконың Касабланка қаласында өткен Әлем кубогы кезеңінің командалық турнирінде шпагамен семсерлесуден жеңіске жетті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ұлттық құрамаға алтынды Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов, Александр Федотов және Кирилл Павлов әкелді. Турнир барысында қазақстандық шпагашылар Түркия (45:20), Гонконг (45:28), Мысыр (45:40) және Франция (45:39) құрамаларын кезекпен жеңді.

Финалда қазақстандықтардың қарсыласы Ресей құрамасы болды. Шешуші сайыс Қазақстан командасының пайдасына 45:40 есебімен аяқталды. Команданы украиналық маман Александр Горбачук жаттықтырады.

Қатар жүрген әйелдер командалық турнирінде Қазақстан құрамасы 1/8 финал сатысында өнерін аяқтап, қорытынды 14-орынды иеленді. Ел намысын Ирина Бакалдина, Владислава Андреева, Дарья Самоделкина және София Николайчук қорғады.

Жекелей сайыстарда үш қазақстандық шпагашы ширек финалға дейін жетті, алайда осы сатыда жеңіліс тапты. Нәтижесінде Эльмир Алимжанов, Кирилл Проходов және Вадим Шарлаимов алтыншы мен сегізінші орындар арасында тұрақтады.

Сонымен қатар Алжирдің Оран қаласында саблямен семсерлесуден Әлем кубогы кезеңі өтті. Қуаныш Ерғашбай, Назарбай Саттархан, Артём Саркисян және Артур Чупраков құрамындағы Қазақстанның ерлер құрамасы командалық турнирде сегізінші орын алды. Әйелдер арасында Айгерим Сарыбай, Анастасия Гулик және Карина Доспай 16-нәтиже көрсетті.