Қазақстанның зейнетақы жүйесі халықаралық рейтингте 55 елдің ішінде 29-орынды иеленді. Сарапшылар оны тұрақты деп танығанымен, төлемдердің жеткіліксіздігін атап өтті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қазақстанның зейнетақы моделі көпдеңгейлі: ол барлық азаматқа тиесілі мемлекеттік зейнетақыны да, жеке жинақтар есебінен төленетін төлемдерді де қамтиды.

Зейнетақы жүйелерінің рейтингін Marsh CFA Institute жариялады. Онда әр ел A (жоғары деңгей) мен D (төмен деңгей) аралығында баға алды. Қазақстан C+ бағасына (64,8 балл) ие болды. Бұл нәтиже C бағасын алған Жапония, Польша немесе Италия сияқты елдерден жоғары.

Сарапшылар қазақстандық зейнетақы жүйесінің тұтастығын жоғары бағалап, оған бірден 83 балл берді. Салыстыру үшін: рейтингте екінші орынды иеленген, A (84,1 балл) бағасын алған Дания бұл көрсеткіш бойынша тек 82,9 балл жинады.

Сонымен қатар Қазақстан жүйенің тұрақтылығы үшін 74,4 балл алып, бұл көрсеткіш бойынша рейтингте 8-орынға шықты. Алайда сарапшылар төлемдердің жеткіліксіздігін атап өтті: бұл жерде Қазақстан небәрі 44,9 балл жинап, 55 елдің ішінде 49-орында тұр.

Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) зейнетақының жеткіліктілігін бағалау өлшемдерінің бірі — азаматтың зейнетке шығар алдында алған табысын алмастыру коэффициенті (ТАК) екенін еске салды. Әлемдік сарапшылардың пікірінше, ТАК үшін базалық минимум 40% құрайды. Қазақстанда бұл көрсеткіш 2025 жылы одан жоғары — 41% болды.