Қазақстанда жалған ауру парағын пайдаланғаны үшін сотталған әйел құқық қорғау органдарының әрекетіне шағымданып, Конституциялық сотқа дейін барды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Сотталған әйел полицейлер оның ауру парағын тергеу судьясының рұқсатынсыз алып қойғанын мәлімдеді. Оның пайымдауынша, медициналық құжаттар дәрігерлік құпияны қамтиды, сондықтан оларды судьяның рұқсатынсыз тәркілеуге болмайды және мұндай құжатты дәлел ретінде пайдалануға жол берілмейді.

«"Заңмен қорғалатын өзге де құпия" деген тұжырым тым белгісіз. Сондықтан құқық қорғау органдары құжаттарды алу үшін судьяның рұқсатын қашан алуға міндетті, қашан алмайтыны түсініксіз», — деп шағымданды азаматша.

Конституциялық сот жеке және дәрігерлік құпия шынымен де заңмен қатаң қорғалатынын еске салды. Алайда барлық анықтамаға ортақ әмбебап ереже жоқ.

«Нақты құжат заңмен қорғалатын құпияны қамти ма және оны алу кезінде тергеу судьясының рұқсаты талап етілді ме деген мәселе нақты қылмыстық істің мән-жайын бағалауға байланысты және істі қарайтын соттың құзыретіне жатады», — деп түйіндеді Конституциялық сот.

Осылайша, қарапайым соттың шешімі күшінде қалды: жергілікті судьялар әр нақты жағдайда ауру парағы құпия болды ма және полицейлер оны алу кезінде заңды бұзды ма, соны өздері шешеді.