Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Қазатомпром» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасының бұрынғы мүшесі Қуаныш Омарбековті ұстады. Ұстау туралы ақпаратты ҰҚК растап, басқа да адамдардың ұсталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Сонымен қатар «Қазатомпром» баспасөз қызметі 24 қарашадағы директорлар кеңесінің шешімімен компания басқармасы мүшелерінің — коммерция жөніндегі бас директоры Владислав Ерханович Байгужиннің және өндіріс жөніндегі бас директоры Қуаныш Алтынбекович Омарбековтің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғанын хабарлады.

«Қазатомпром» сайтында жарияланған деректерге сәйкес, Қуаныш Омарбеков бірнеше диплом алған. 2007 жылы Алматы экономика және статистика академиясын «Қаржы» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесімен бітірген. 2014 жылы Қазақ гуманитарлық-заң университетінде құқық бакалавры дәрежесін алған. 2017 жылы Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясында «Іскерлік әкімшілдіру магистрі (МВА)» біліктілігі бойынша оқыған. 2022 жылы Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университетін «Металлургия және пайдалы қазбаларды байыту» мамандығы бойынша бітірген.

Омарбековтің еңбек жолы 2011–2013 жылдары басталды: ол «Сауда-көлік компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі филиалының — «Қазатомөнеркәсіп жолдарының» материалдық-техникалық қамтамасыз ету инженері болып, кейін «Сауда-көлік компаниясы» ЖШС материалдық-техникалық басқармасының жетекші маманы, бас маманы және бас менеджері қызметтерін атқарды.

2013–2018 жылдары «Сауда-көлік компаниясы» ЖШС бас директорының орынбасары — экономика, жалпы мәселелер және бизнесті қамтамасыз ету жөніндегі қызметін атқарды. 2018–2022 жылдары «KAP Logistics» ЖШС-нің (бұрын — «Сауда-көлік компаниясы» ЖШС) бас директоры болды. 2022–2023 жылдары «Ақбастау» БК» АҚ-ны бас директор ретінде басқарды.

2023 жылдың маусымынан бастап Қуаныш Омарбеков «Қазатомпром» ҰАК» АҚ өндіріс жөніндегі бас директоры қызметін атқарды. 2023 жылдың 29 маусымынан бастап «Қазатомпром» ҰАК» АҚ басқармасының мүшесі, ал 2023 жылдың 23 қарашасынан бастап «ӨМЗ» АҚ (Өскемен металлургия зауыты) директорлар кеңесінің төрағасы болды.