«Қазатомпром» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамының сатып алу және жалпы мәселелер жөніндегі бас директоры Дархан Сағындықов 26 қарашада өз еркімен қызметінен кетті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Атом компаниясының баспасөз қызметі нақтылағандай, Дархан Танатұлы Сағындықов 2026 жылғы 26 қарашада өз өтініші бойынша лауазымынан кетті. «Оның өтініші негізінде және корпоративтік рәсімдерге сәйкес «Қазатомпром» директорлар кеңесі Дархан Сағындықовтың компания басқармасы мүшесі ретіндегі өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты», — делінген мәлімдемеде.
Компанияда «Қазатомпромның» жұмысы қалыпты режимде жалғасып жатқанын, ал аталған лауазымның функционалдық міндеттері ішкі рәсімдерге сәйкес компания басшылығы арасында қайта бөлінгенін қосты.
«Қазатомпром» сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Дархан Сағындықов еңбек жолын 2010 жылы «Самұрық-Қазына» корпоративтік университеті» жеке мекемесінде «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының сатып алуды ұйымдастыру департаментінің менеджері (аутсорсинг секторы) қызметінен бастаған.
2011–2022 жылдары «Самұрық-Қазына Контракт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде, «Самұрық-Қазына», «Самұрық-Энерго» және «Кедентрассервис» акционерлік қоғамдарында түрлі лауазымдар атқарған.
2022 жылғы шілдеден 2023 жылғы қазанға дейін KMG International (Ромпетрол) компаниясының сатып алу жөніндегі топ директоры (Group Procurement Director) қызметін атқарған.
2023 жылғы қарашадан 2024 жылғы ақпанға дейін «Қазатомпром» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамы әкімшілігі аппаратының басшысы болған.
2024 жылғы наурыздан бастап «Қазатомпром» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамының сатып алу және жалпы мәселелер жөніндегі бас директоры қызметін атқарды.
Еске салайық, бүгін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Қазатомпром» басқармасының мүшесі Қуаныш Омарбековті ұстады. Сондай-ақ өзге де адамдардың ұсталғаны туралы мәлімделді. Олар «Самұрық-Қазынаның» бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деп күдікке ілінген. Сонымен қатар «Қазатомпром» баспасөз қызметі директорлар кеңесінің 24 қарашадағы шешімімен «Қазатомпром» басқармасы мүшелері — коммерция жөніндегі бас директор Владислав Ерханұлы Байгужин мен өндіріс жөніндегі бас директор Қуаныш Алтынбекұлы Омарбековтің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғанын хабарлады.
Сондай-ақ біз Қуаныш Омарбеков туралы не белгілі екенін жазған болатынбыз.
Кеше компанияда «Қазатомпром» құқық қорғау органдарымен ынтымақтасып, тергеуге қажетті жәрдем көрсетіп жатқанын мәлімдеген еді.


