Қазақстанда микрокредит беру кезіндегі ауқымды алаяқтық схемасы тоқтатылды. Ол елдің 17 өңірін және 43 мыңнан астам азаматты қамтыған. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Қаржы мониторингі агенттігінің ресми Telegram-арнасында мәлім болғандай, микрокредиттерді «Экспресс Займ» микроқаржы ұйымы берген. ҚМА-ның Қызылорда облысы бойынша департаменті Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен бірлесіп, прокуратураның үйлестіруімен елдің 17 өңірінде микрокредит берудегі ауқымды алаяқтық схемасын тоқтатты.

«Тергеу деректеріне сәйкес, 2024 жылдың тамызында ұйымда ақылы консультациялық қызмет енгізілген. Оның құны займ сомасына байланысты болып, қарыз алушының негізгі борышына қосылған. Клиенттерге бұл қызметтің ақысы микрокредит алудың немесе оны қайтару мерзімін ұзартудың міндетті шарты ретінде ұсынылып, одан бас тарту мүмкіндігі жасырылған», — деп атап өтті ведомствода.

Салдарынан, ҚМА дерегінше, қарыз алушылар қолына азырақ сома алған, бірақ үстеме сыйақымен бірге бүкіл борышты қайтаруға міндеттелген. Микрокредиттерді ұзарту кезінде ақылы қызмет қайтадан рәсімделген.

Барлығы Қазақстан бойынша 43 мың азаматпен консультациялық қызмет көрсету туралы 181 мыңнан астам шарт жасалған.

Микроқаржы ұйымы директорының орынбасарына қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу жалғасуда.