Қостанай облысының тұрғыны қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін сот шешімімен 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Ер адам кінәсін мойындамады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қостанай облысы соттарының ресми Telegram-арнасында жазылғандай, Федоров аудандық соты ер адамға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады. Ол Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 461-бабының 1-1-бөлігі бойынша — ішкі істер органы берген қорғау нұсқамасын жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды.

Сот анықтағандай, 2026 жылғы 5 тамызда ер адамға қорғау нұсқамасы берілген. Оған сәйкес ол әйелге қатысты дене және психикалық азап келтіретін не келтіру қаупі бар қасақана құқыққа қарсы әрекеттер жасауға тыйым салынған.

Белгіленген тыйымға қарамастан, 7 тамызда ер адам әйелдің жұмысына барып, оны балағаттап, оған психикалық азап келтірген.

Кінәсі сот зерттеген дәлелдердің жиынтығымен, оның ішінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, жәбірленушінің түсініктемелерімен, құқық бұзушының өзінің айтқандарымен және іс материалдарымен расталды.

Сот отырысында ер адам кінәсін мойындамай, темекі алуға дүкенге кіргенін, сол жерде олардың арасында ауызша жанжал болғанын айтты.

Алайда сот психикалық азап келтіруге қасақана ниеті жоқ деген уәждерге сыни баға берді. Сондай-ақ сот оның осы факті бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалғанын нақты біле тұра, жауапкершіліктен құтылуға тырысып, полиция қызметкерлері мен соттан жасырынғанын ескерді.

Анықталған мән-жайларды ескере отырып, сот ер адамға 20 тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындады.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.