Қытай зерттеушілері әлсіз ток импульстерінің көмегімен қылаңдықпен күресуге көмектесетін электрондық тарақтың прототипін жасап шығарды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Detangle деп аталатын құрылғыны Бейжің авиация және ғарыш университетінің мамандары жасады. Тарақтың тістеріне кезектесіп орналасқан электродтар мен дәрі құйылған шағын ыдыстар кіріктірілген. Тарау кезінде құрылғы бас терісіне жұмсақ электр импульстерімен әсер етеді, олар препараттың тері бетінде қалып қоймай, шаш фолликулдарына тереңірек жетуіне көмектеседі.
Жобаның тиімділігі гормоналды және тұқым қуалаушылық себептерден туындайтын қылаңдықтың ең кең тараған түрі — андрогенетикалық алопециясы бар зертханалық тышқандарда тексерілді. 28 күн ішінде стандартты миноксидил қабылдаған кеміргіштердің жүні шамамен 70%-ға қалпына келсе, жаңа тарақты қолданғанда бұл көрсеткіш 98%-ға жуықтады.
Жұмыс авторлары жоғары нәтижелерге қарамастан, технология әзірге зертханалық сынақ сатысында екенін атап өтті. Жануарлардың терісі қалыңдығы мен шаш өсу жылдамдығы жағынан адамдікінен өзгеше, сондықтан құрылғы нарыққа шығар алдында қауіпсіздігі мен тиімділігін тексеру үшін адамдарға арналған ауқымды клиникалық зерттеулерден өтуі тиіс.


