Чжэцзян провинциясының бұрынғы вице-губернаторы Гао Синфу Қытайда парақорлық ісі бойынша өлім жазасына кесілді. Жазаны орындау екі жылға кейінге қалдырылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қытай Орталық теледидарының мәліметінше, үкімді Цзянси провинциясының Ичунь қаласындағы орта буын халық соты шығарды. Ашық сот отырысы Чжэцзян провинциясы Халық өкілдері жиналысы тұрақты комитеті төрағасының бұрынғы орынбасарының пара алуына қатысты болды.

Сот 2004 жылдан 2025 жылға дейін сотталушы әртүрлі лауазымдардағы қызметтік жағдайын пайдаланып, заңсыз жолмен 28,9 млн доллардан астам қаражат жинағанын анықтады. Бұл — 13 млрд теңгеден астам сома.

«Цзянси провинциясының Ичунь қаласындағы орта буын халық соты Чжэцзян провинциясы ХӨЖ тұрақты комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары Гао Синфуге пара алу ісі бойынша ашық үкім шығарды… Сотталушы өлім жазасына кесіліп, жазаны орындау екі жылға кейінге қалдырылды», — делінген хабарламада.

Сонымен қатар сотталған адам өмір бойы саяси құқықтарынан айырылды, ал оның барлық мүлкі мемлекетке өткізіледі.

Сотталушы кінәсін мойындап, құқық қорғау органдарына көмектескені белгілі болды. Дәл осы жағдай өлім жазасын екі жылға кейінге қалдыруға негіз болды.