Қызылорда облысында жалақыны өндіріп алу туралы еңбек дауы медиативтік келісіммен аяқталды: серіктестіктің бұрынғы қызметкеріне 2 млн теңгеден астам қаражат төлеуге келісілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қызылорда облысы соттарының ресми Telegram-арнасында жазылғандай, талап қоюшы әйел серіктестіктен өзінің пайдасына жалақы бойынша берешекті өндіріп алу туралы сотқа жүгінген.
Сотта әйел 2022 жылы жұмысқа қабылданып, 2026 жылы өз еркімен жұмыстан шыққанын түсіндірді. Жұмысқа орналасқан кезде онымен еңбек шарты жасалып, оның талаптары бойынша айлық жалақысы 600 мың теңгені құраған. Алайда серіктестік жұмыс істеген айлар үшін жалақыны толық көлемде төлемеген. Осыған байланысты талап қоюшы соттан қалыптасқан берешекті өндіріп алуды сұраған.
Істі қарау барысында тараптарға дауды бітімгершілік рәсімдерінің көмегімен реттеу құқығы түсіндірілді.
Нәтижесінде тараптар дау бойынша өзара келісімге келіп, сотқа медиативтік келісімді ұсынып, оны бекітуді сұрады.
Келісімнің талаптарына сәйкес серіктестік талап қоюшыға 2 048 727 теңге көлеміндегі жалақы бойынша берешекті 2026 жылғы 25 қазаннан бастап 12 ай ішінде ай сайын 170 730 теңгеден төлеуге міндеттенді.
Талап қоюшы келісімнің талаптарын қабылдап, талабынан бас тартты.
Сот тараптар арасында жасалған медиативтік келісімді бекітіп, іс бойынша іс жүргізуді тоқтатты.


