Қызылордада баласымен келе жатқан әйелді қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушіні іздестіріп жатыр. Нәресте қаза тапты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ауыр жол-көлік оқиғасы болған жерден түсірілген кадрларды «Криминальный Казахстан» Telegram-арнасы жариялады. Жарияланымға сәйкес, Mitsubishi Lancer Sedan көлігі кішкентай баласымен келе жатқан әйелді қағып, содан кейін жүргізуші апат орнынан кетіп қалған. Көлік рөлінде 2000 жылы туған жүргізуші болған, полиция оны іздестіруге жариялады.

Әйел ауыр жарақаттармен, оның ішінде бас жарақаты, қабырға мен жамбас сүйектерінің сынуымен реанимацияға жеткізілді. Онымен бірге 2026 жылы 20 мамырда туған ұлы болған. Нәресте де бас жарақатымен ауруханаға жатқызылды, алайда баланы аман алып қалу мүмкін болмады.

NUR.KZ тілшісі Қызылорда облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сұрау жолдады. Онда адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы және оқиға орнынан кету фактісі бойынша қылмыстық істер қозғалғанын мәлімдеді.

«Күдіктінің жеке басы анықталды. Қызылорда облысы полиция департаменті оның орналасқан жерін анықтап, ұстау үшін барлық қажетті шараларды қолданып жатыр. Қаладан шығатын жерлерде өткізу режимі күшейтілді. Күдіктіні ұстау жөніндегі жедел-іздестіру іс-шараларына полиция департаментінің барлық күші мен құралдары жұмылдырылды», — делінген сұрауға берілген жауапта.