89 жасында белгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың қарындасы, танымал қоғам қайраткері Роза Айтматова дүниеден өтті. Бұл туралы жазушы атындағы қор хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.

Роза Айтматованың қайтыс болғаны туралы мәлімдеме Шыңғыс Айтматов атындағы қордың Instagram парақшасында жарияланды. «Зор қайғыра отырып, 89 жасында Роза Айтматованың өмірден өткенін хабарлаймыз. Роза Торокуловна туралы жарқын естелік жүрегімізде мәңгі сақталады», — делінген қор хабарламасында.

24kg дерегінше, Роза Айтматова физика-математика ғылымдарының кандидаты, Қырғызстанның білім беру саласының еңбек сіңірген қызметкері және қоғам қайраткері болған. Ол Маяковский атындағы Қырғыз әйелдер педагогикалық институтын бітіріп, Қырғыз КСР Ғылым академиясында ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген, кейін жоғары оқу орнында сабақ берген. Оның физика және педагогика саласындағы ғылыми еңбектері бар.

Роза Айтматова өз отбасының тарихын сақтаумен де айналысқан. Жиені Асан Ахматовпен бірлесіп, ол 1930 жылдары репрессияға ұшыраған әкелері Төреқұл Айтматовтың өмірі мен қызметіне және Шыңғыс Айтматовтың балалық шағына арналған «Белые страницы истории» кітабын жазған.

Роза Торокуловна өмірінің едәуір бөлігін әйелдер құқығын қорғауға арнаған. 1996 жылы ол әріптестерімен бірге «Әйелдерге көмек көрсету орталығы» қоғамдық ұйымын құрған.