Қазақстан Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) — 2026 қауіпсіздік апталығы аясында S7 әуе компаниясының ұшағына қатысты жағдайды түсіндірді. Ұшақ Қазақстан аумағы үстінде қауіп сигналын беріп, соңында Омскіге шұғыл қонған болатын, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Вице-министрдің айтуынша, себеп — қозғалтқыштардың бірінің техникалық ақауы. «Бұл техникалық... (техникалық ақау — ред. ескертпесі), яғни қозғалтқыштардың бірінде ақау болды, сәйкесінше нұсқаулықтар мен стандарттарға сай ұшқыштар апаттық жағдай жариялады, бірақ қосалқы әуежайға, қателеспесем, Омскіге бағыт алып, аман-есен қонды», — деді Талғат Ластаев.

Ол сондай-ақ журналистердің ұшқыштар неге жақынырақ Көкшетау әуежайына қонбағаны туралы сұрағына жауап берді. «Мұны нақты командир шешеді. Мұнда көптеген фактор бар. Мысалы, басқа жағдайлар тең болғанда компаниялар өздерінің техникалық базасы бар әуежайға қонуға тырысады, сонда аттестатталған инженерлер бірден (ұшақты тексеруге — ред. ескертпесі) кірісе алады», — деп түсіндірді вице-министр.

Еске салайық, бұған дейін Новосибирск — Махачкала әуе рейсінің экипажы Қазақстан аспанында қауіп сигналын бергені хабарланған еді. Кейін себебі техникалық ақау болғаны белгілі болды. Кейіннен Ресей Тергеу комитеті осы факті бойынша тексеру бастағаны анықталды.