Қазақстанда «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың ұсталғаны белгілі болды. Ол холдингті бірнеше жыл басқарған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Нұрлан Жақыпов «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы қызметіне 2023 жылдың сәуірінде тағайындалған. «Параграф» ақпараттық жүйесінің дерегінше, ол 1978 жылдың 31 наурызында дүниеге келген және ағылшын, испан тілдерін қоса алғанда төрт тілді меңгерген.

2001 жылы Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын халықаралық экономикалық қатынастар факультеті бойынша бітірген. Экономика ғылымдарының магистрі және кандидаты.

Қолда бар мәліметке сәйкес, 2001–2003 жылдары Жақыпов Еуразиялық өнеркәсіп қауымдастығында (ENRC) қаржы талдаушысы болып жұмыс істеген. 2003–2004 жылдары Chambishi Metals PLC компаниясында бизнес-менеджер қызметін атқарған. 2004–2007 жылдары Research, Investment and Development Ltd компаниясында жоба менеджері болды.

2007–2009 жылдары Credit Suisse компаниясының негізгі материалдар тобында биржада саудаланатын компаниялар акцияларының құнын талдаушы ретінде жұмыс істеген. 2009–2011 жылдары «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы» АҚ басқарушы директоры және басқарма мүшесі болды.

2011–2012 жылдары «RBS (Kazakhstan)» еншілес банкі» АҚ инвестициялық банкинг департаментінің директоры және Астанадағы өкілдігінің басшысы қызметін атқарған. 2012–2016 жылдары инвестициялық банкинг департаментінің атқарушы директоры болып, UBS AG Almaty Representative Office өкілдігін Астанада басқарды.

2016–2017 жылдары «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ даму және инвестициялар жөніндегі басқарушы директоры және басқарма мүшесі болды. 2017–2019 жылдары «Астана» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарған. 2019–2020 жылдары Rothschild & Co компаниясының Қазақстандағы өкілі болды. 2020–2023 жылдары «Kazakhstan Investment Development Fund (KIDF) Management Company» Ltd басқарма төрағасы қызметін атқарған.

Еске салайық, бүгін «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Елжас Отыншиевті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ұстағаны белгілі болды. Бұл кеше, 11 қарашада болған. Оларды, сондай-ақ басқа да адамдарды сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деп күдіктенеді, деп хабарлады ҰҚК. Онда қазір тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын қосты.