Мәскеуден Алматыға ұшқан SCAT әуе компаниясының ұшағы Астана әуежайына авариялық қонды. Бұл ақпаратты тасымалдаушының баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Оқиға туралы Threads парақшасында жазба жариялаған қазақстандық әйел айтып берді. Оның айтуынша, SCAT әуе компаниясының Мәскеу — Алматы бағытында ұшқан ұшағы Астана әуежайына авариялық қонды.

«Бүгін SCAT әуе компаниясының Мәскеу — Алматы бағытында ұшқан ұшағы Астана әуежайына авариялық қонды. Бұл төтенше жағдай екенін түсінемін, бүкіл ұшақ болып қатты қорыққанымызға қарамастан, жолаушыларға неге су да ұсынбадыңыздар? Біз жанжал шығармайынша, қорыққан, абдыраған жолаушыларды сусыз, тамақсыз және ең бастысы, ешқандай ақпаратсыз аяқ үстінде ұстадыңыздар», — деп жазды жолаушы.

NUR.KZ тілшісі SCAT әуе компаниясының баспасөз қызметіне сауал жолдады. Онда авариялық қону туралы ақпарат расталды.

«Мәскеу — Алматы рейсін орындау барысында борттық жүйенің индикациясы іске қосылды. Экипаж Астана қаласындағы базалық әуежайға қону туралы шешім қабылдады. Қону қалыпты режимде өтті. Жолаушыларды Алматыға жеткізу үшін әуе компаниясы резервтік борт дайындады. Ол келгенге дейінгі күту уақытында жолаушыларға салқын сусындар ұсынылды», — делінген сауалға берілген жауапта.