Семейде 20 жастағы Дильназ Жұмағұлованың өліміне қатысты сот процесі аяқталды. Оның бұрынғы жігіті 14 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Сот айыпталушыны Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкімді судья Нияз Хасенбаев жариялады.

Сот қайғылы оқиғаны аса қатыгездікпен жасалған өлтіру бабына қайта саралауға көнбеді, алайда марқұмның туыстары осыны талап еткен еді.

Дильназ Жұмағұлова 20 жаста болатын. Қайғылы оқиға 13 шілдеге қараған түні Бородулиха ауылында болды. Қыз мектептен таныс бұрынғы жігітімен жанжалдасып қалған.

Сотта айтылғандай, Дильназ бірінші болып жігіттің бетінен ұрған. Ол қарсы ұрып, кейін пышаққа жармасқан. Алдымен қыздың мойнына жарақат салып, артериясын зақымдаған, содан кейін пышақпен ұруды жалғастырып, басына соққы берген.

Кісі өлтіргеннен кейін ер адам мәйіттен құтылу үшін сүйреп әкетпек болған, бірақ ақыры оны жол ортасында тастап кеткен. Қылмыстың мән-жайына қарамастан, сот аса қатыгездік белгілерін көрмеді.

«Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау», — деп үкімді жариялады судья Нияз Хасенбаев.

Сонымен қатар, сотталған адамнан жәбірленушілер — қыздың туыстары — пайдасына 20 миллион теңге моральдық зиян өтемақысы, миллионнан астам материалдық шығын, сондай-ақ 500 мың теңге өкілдік қызмет шығындары өндірілді. Дильназдың ата-анасы үкімге шағымдана ма, әзірге белгісіз.

«Іс 99-баптың 1-бөлігі бойынша түскендіктен... Иә, сондықтан да біз қанағаттандық. Өйткені мұнда 8-ден 15 жылға дейін. Прокурор 14 жыл 6 ай сұраған. Судья 14 жыл берді. Мен жоғары тұрған органдарға шағымданамын, заңгерлермен кеңесемін. Ол өмір үшін күресті. Екі жерде күрес іздері болды, содан кейін ол оған пышақпен соққы жасады», — деді өлтірілген қыздың әкесі Сабыржан Темірхан.

Процесте айыпталушының кінәсі толық дәлелденді. Бірақ жігіт оны ішінара мойындады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Тараптардың апелляцияға беруге уақыты бар.