Семейде биіктігі 15 метр болатын Владимир Лениннің облыстағы соңғы әрі ең үлкен ескерткішін бұзу басталды. Жұмыстар апаттық тәртіпте жүріп жатыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

КТК телеарнасының сайты хабарлағандай, бұған дейін қаланың орталық бөлігіндегі Жамақаев көшесіндегі скверде кеңес басшыларының басқа да мүсіндері мен бюсттері болған — олар әлдеқашан алынып, сквер қайта жаңартылған. Тек Ленин ғана қалып қойған, енді оның кезегі де жетті.

Монумент Владимир Ильичтің Қазақстандағы ғана емес, ТМД-дағы ең үлкен ескерткіштерінің бірі саналады. Ол 50 жылдан астам уақыт бұрын орнатылған.

Соңғы кезде мүсінге көрші үйлердің тұрғындары шағымдана бастаған: олардың айтуынша, ол нашар көрінеді және құлауы мүмкін. Ескерткіш комиссияда да алаңдаушылық тудырған — сарапшылар жұмсақ топырақтың салдарынан мүсіннің қисайғанын анықтаған.

«Анықталған ақаулардың жиынтығы, оның ішінде тіреу түйіндері мен тіреу пластинасының зақымдануы, металл конструкциялардың айтарлықтай коррозиялық зақымдануы, сондай-ақ қуыс жарықтар мен саңылаулардың болуы конструкцияның көтергіштік қабілетінің сын көтермейтіндей төмендегенін көрсетіп, мүсін элементтерінің құлау қаупін тікелей тудырады», — деп мәлімдеді Семей әкімдігінде.

Мүсіннің әрі қарай тағдыры не болатынын қала билігі әзірге білмей отыр.