Парламенттік сайлауда жеңіске жеткен «Студенттік тізім» партиясы академик Радомир Саичичті Сербия президенттігіне үміткер ретінде ұсынды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Радомир Саичич — Белград университетінің химия факультетінің профессоры әрі Сербия ғылым және өнер академиясының толық мүшесі. Ол 2024 жылы Нови-Сад вокзалындағы қалқанның құлауынан кейін студенттік наразылықтарға қосылған.
«Мен жауапкершілікті өз мойныма алуға дайынмын, ал президент ретінде өз өкілеттіктерім шеңберінде әрекет етемін», — деді үміткер.
Оның айтуынша, Сербияда үкіметті мүмкіндігінше тез құру қажет, өйткені кетіп бара жатқан билік «мемлекетті әлсіретуге әлі де тырысып отыр». Саичич парламентке, үкіметке және соттарға деген сенімді қалпына келтіруге ниетті. Ол сондай-ақ өз шешімдерін ашық түсіндіріп, биліктің басқа өкілдерінен де сондай жауапкершілікті талап ететінін уәде етті.
Еске салайық, қыркүйек айының соңында Александр Вучич Сербия президенті қызметінен кетуі туралы құжатқа қол қойған.
Сонымен қатар Сербияның экс-президенті Александр Вучичтің партиясы парламенттік сайлауда жеңіліс тапты, жеңісті «Студенттік тізім» партиясы иеленді.
Кейін Скупщинаның экс-төрағасы Ана Бранбич президент сайлауын өткізу туралы мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, сайлау 27 желтоқсанға дейін өтуі тиіс. Ол сондай-ақ президент сайлауының күнін жаңа парламент басшысы белгілейтінін атап өткен.
Жуырда Сербия парламентінің қазіргі спикері Александр Чупич президент сайлауын ағымдағы жылдың 27 желтоқсанына ресми түрде белгіледі.


