Сербияда елдің Қарулы күштеріне тиесілі МиГ-29 жойғыш ұшағы апатқа ұшырап, ұшқыш қаза тапты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ұшақтың құлағаны туралы Сербия радиосы мен теледидары (RTS) хабарлады. Әуе кемесі елдің солтүстік-батысында — Нова-Пазова мен Стара-Пазова елді мекендерінің арасындағы далада, астана Белградтан шамамен 45 шақырым (28 миль) солтүстік-батысқа қарай құлады.
Жойғыш Батайница әуеайлағында орналасқан 204-ші авиациялық бригадаға тиесілі болған.
Апат орнында серб әскерінің әскери қызметшілері, полиция қызметкерлері, өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем бригадалары жұмыс істеп жатыр. Сремска-Митровицаның жоғары прокуратурасы да кезекші прокурордың тергеу жүргізу үшін оқиға орнында жүргенін мәлімдеді.
Авиациялық апаттың себептері туралы әзірге ақпарат жоқ. Сербия Қорғаныс министрлігі оқиғаға түсініктеме берген жоқ.
Басылым дерегінше, МиГ-29 — төртінші буындағы көпмақсатты жойғыш, ол 1970 жылдары Микоян атындағы Тәжірибелік конструкторлық бюрода жасалған. Қазіргі модификациялары сағатына 2450 шақырымға дейінгі жылдамдыққа шығып, 2,1 мың шақырымға дейін ұша алады. 30 мм авиациялық зеңбірекпен жарақталған, жауынгерлік жүктемесі 2180 кг.


