Ақтау әкімінің жаңа орынбасары — бұған дейін Қарақия ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Шапағат Әзірханов. Кадрлық шешім туралы Ақтау әкімдігінің Instagram-дағы ресми парақшасында хабарланды, деп жазады infohub.kz сайты.

Шапағат Әзірханов 1990 жылы 22 қазанда Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында дүниеге келген. Жоғары білімі бар.

Еңбек жолын 2007 жылы «Агния» ЖШС-де оператор-бағдарламашы болып бастады. 2008–2010 жылдары сол ұйымда экономикалық мәселелер жөніндегі менеджер болып жұмыс істеді.

2011–2017 жылдары Бейнеу ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында жетекші және бас маман қызметтерін атқарды. 2017–2022 жылдары осы басқармада жұмысын жалғастырып, ақпаратты қабылдау және өңдеу бөлімін, салықтық бақылау және өндіріп алу бөлімін басқарды, сондай-ақ басқарма басшысының орынбасары болды.

2022 жылдың ақпанынан 2023 жылдың қыркүйегіне дейін Ақтау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасын басқарды. 2023 жылы Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің берешекпен жұмыс жөніндегі бөлімін басқарды.

2024–2025 жылдары «Каспий» ӘКК» АҚ-да, кейін Мұнайлы ауданының ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінде жұмыс істеді. 2025 жылдың 4 тамызынан осы уақытқа дейін Қарақия ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы қыркүйекте Ақтау әкімі болып Мақсат Мұқаш тағайындалған еді.