Қазақстан азаматтарына Шенген визасын алу рәсімін жеңілдету туралы келіссөздер соңғы сатыда жүріп жатыр. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Өсенов мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Сыртқы саяси ведомство өкілінің айтуынша, келіссөз барысының егжей-тегжейі жария етілмейді. «Келіссөздер соңғы сатыда, жалғасып жатыр. Еуропалық серіктестерімізге түсіністік танытқаны үшін алғыс айтамыз. Көптеген мәселеде осы түсіністікті табамыз. Ақылға қонымды мерзімде оң нәтиже болады деп сенемін», — деді ол.
Журналистер осы визаны рәсімдеу кезінде Қазақстан азаматтары төлейтін баж мөлшерін төмендетуге қатысты тараптардың ұстанымы қандай екенін сұрады. Сондай-ақ олардың айтуынша, дәлелді бас тарту алынған жағдайда төленген баж салығының бір бөлігін қайтаруға қатысты да нюанс болған. Олар бұл нормалар келіссөз барысында сақталды ма деп қызықты.
«Келіссөз барысының егжей-тегжейін аша алмаймын. Бірақ сіз айтқан мәселелерді біз визалық қатынастары бар, қазақстандықтар әлі визасыз бара алмайтын әрбір елмен дерлік көтеріп отырмыз. Біздің ең жоғары мақсатымыз — басқа елмен келіссөздерде Қазақстан азаматтары үшін визасыз режимді қамтамасыз ету. Аралық мақсат — визалық алымдарды төмендету, мерзімді ұзарту, құжат санын қысқарту және т.б. Бұл кез келген елмен келіссөздерде айтылып отырады», — деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың наурызында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Калласпен кездесті. Ол кезде Еуропалық Комиссия мен Қазақстан арасында виза беру тәртібін жеңілдету туралы келісім жасасу рәсімінің басталғанын хабарлаған еді.
Кейінірек Қазақстан Сыртқы істер министрлігі еліміз Еуропалық одақпен жеңілдетілген визалық режим туралы келіссөздердің бірінші раундын бастағанын мәлімдеді.
Осы жылдың наурызында экс-СІМ басшысы Ермек Көшербаев мәжіліс кулуарында Еуропалық одақпен визалық режимді жеңілдету жөніндегі келіссөздердің барысы туралы айтқан болатын. Маусымда СІМ бұл келіссөздердің аяқталғанын мәлімдеген еді.


