«Тажен» кеден бекетінде дизель отынын Өзбекстанға заңсыз шығару әрекетінің жолы кесілді — бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Шетелдік азамат Қазақстаннан Өзбекстанға 500 литр дизель отынын шығармақ болған. Ол үшін көліктің зауыттық құрылысында қарастырылмаған қосымша бакты пайдаланған.
«2026 жылғы 20 шілдеде «Тажен» кеден бекетінде шекаралық бақылау барысында шетелдік азамат Н. Қазақстан Республикасынан Өзбекстан Республикасына бара жатып, көлік құралының зауыттық құрылысында қарастырылмаған, сыйымдылығы 500 литр қосымша отын багын пайдаланып, дизель отынын заңсыз тасымалдауға әрекеттенді», — делінген сот хабарламасында.
Сот отырысында құқық бұзушының кінәсі оның түсініктемелерімен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен және іс материалдарымен толық дәлелденді.
«ҚР ӘҚБтК-нің 545-бабының санкциясында әкімшілік құқық бұзушылықтың тікелей заты болып табылатын тауарды тәркілеумен қоса, 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қарастырылған», — деп атап өтті сотта.
Сот қаулысымен ер адам ҚР ӘҚБтК-нің 545-бабында қарастырылған әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 15 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды. Сот қаулысы заңды күшіне енді.


