Шығыс Қазақстан облысында ежелгі қорғандардың техникамен зақымдалуы мүмкін екені тіркелді. Өңір әкімдігі осы жайтқа қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Әлеуметтік желілерде Зайсан ауданындағы «Шағаноба» археологиялық кешеніндегі ежелгі қорғандардың зақымдалуы мүмкін екені туралы ақпарат тарады.
«2026 жылғы 13 қарашада полиция қызметкерлері оқиға орнына барды. Кешен аумағында "SRS" ЖШС-не тиесілі техникамен бұрын қазылған шұңқырларды көму жұмыстары жүргізілгені анықталды. Орында болған азаматтардың жеке басы анықталып, тиісті материалдар полицияда тіркелді», — деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі.
Сол күні тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі мамандар, археолог, әкімдік пен полиция өкілдері аумақты тексергені атап өтілді. Жер қазу жұмыстарының іздері фото- және бейнежазбаға түсіріліп, тиісті акт жасалды.
«Қазіргі таңда қар жамылғысы қорғандардың жай-күйін толық бағалауға және келтірілген залалдың мүмкін ауқымын анықтауға мүмкіндік бермейді. 2027 жылдың көктемінде қосымша тексеру жүргізіледі. Қажет болса, авариялық-құтқару археологиялық жұмыстар ұйымдастырылады», — деп түсіндірді ведомство.
Болған жайттың мән-жайын құқықтық бағалау үшін тексеру материалдарын құқық қорғау органдарына жіберу тапсырылды. Заңнама бұзылғаны анықталса, кінәлілерді жауапкершілікке тарту шаралары қолданылатыны хабарланды. Заңсыз қазбалар мен вандализм әрекеттерінің алдын алу мақсатында тарихи-мәдени мұра ескерткіштерінің жай-күйіне бақылау күшейтілуде.
«Тарихи-мәдени мұра нысандарына кез келген қол сұғушылыққа жол берілмейді. Осы жағдайға қатысты барлық мәселе Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің бақылауында», — делінген мәлімдемеде.


