Шымкентте Қайрат Нұртастың концертінде болған қысылыстан кейін 18 жастағы қыз ауыр халде ауруханаға түсті. Полиция қылмыстық іс қозғап, іс-шараны ұйымдастырушыларды ұстады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Қайрат Нұртастың Қажымұқан Мұңайтпасов стадионындағы концерті кезінде сегіз көрермен дәрігерге қаралған. Олардың жетеуі ауруханаға жатқызылмай, үйлеріне жіберілді.
«18 жастағы бір қыз жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Оның таңғы жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр, алайда аздап жақсарған. Оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп, мамандардың бақылауында жатыр», – деді қалалық денсаулық сақтау басқармасынан.
Шымкент полициясы да концертте адам көп жиналғандықтан бір көрерменнің зардап шегіп, ауруханаға жеткізілгенін растады. Концертті қауіпсіздік талаптарын сақтамай ұйымдастыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Іс-шараны ұйымдастырушылар полицияға жеткізілді. Құқық қорғау органдары болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті процестік шешімдер қабылданады.
Айта кетейік, Freedom Афиши командасы Шымкенттегі Қайрат Нұртас концертінде зардап шеккендер туралы хабарламаларға алаңдаушылық білдіріп, болған оқиғаның мән-жайын анықтауға құқық қорғау органдарына жәрдемдесуге дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ компания зардап шеккендер мен куәгерлерге өзіне хабарласуға шақырды.


