Шымкентте жалпы айналымы 3,1 млрд теңгені құраған екі заңсыз онлайн-казиноның қызметі тоқтатылды. Іс бойынша үкім шығарылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) ресми Telegram-арнасында мәлім болғандай, ҚМА-ның Шымкент бойынша департаменті "Bingo-37" және "Lotoboom" онлайн-платформалары арқылы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактісі бойынша тергеуді аяқтады.

"Әлеуетті ойыншыларға WhatsApp мессенджері арқылы құмар ойындарға қатысуға шақырған хабарламалар жіберілді. Өтініш білдірген ойыншыға аккаунт ашылып, логин, құпиясөз, сондай-ақ ақша аударуға арналған шоттардың деректемелері хабарланды", — деді ҚМА-да.

Ведомствоның дерегінше, ақша қабылдау және ұтыстарды кейін төлеу үшін 14 дроппердің атына ашылған банк шоттары пайдаланылды. Екі онлайн-казиноның жалпы айналымы 3,1 млрд теңгені құрады.

Қылмыстық кірістерге ұйымдастырушылар 200 млн теңгеден астам сомаға мүлік сатып алған, оның ішінде BYD Destroyer, LiXiang L6 Max, Chevrolet Monza, SsangYong Rexton көліктері және екі жер телімі бар.

Сот үкімімен екі адам 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Аталған мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.