Ташкентте өткен балалар футбол турнирінде тағамнан уланған қазақстандық балалардың барлығы елге оралды. Бұл туралы брифингте Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Өсенов мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Дипломаттың айтуынша, жас спортшыларды емдеу Өзбекстан Денсаулық сақтау министрлігінің толық қолдауымен жүргізілген. «Өзбек әріптестерімізге алғыс айтқымыз келеді, өйткені олар бұл жағдайда барынша көмек көрсетті. Қолдарынан келгеннің бәрін жасады. Тағы айтарым, жағдай сырттан көрінгендей қорқынышты болған жоқ. Ең бастысы — денсаулыққа ұзақ мерзімді зиян келгені тіркелген жоқ. Балалар оралды. Құдайға шүкір, бәрі дұрыс», — деді Жанболат Өсенов.

Ол осы факті бойынша Өзбекстанда тергеу жүргізіліп жатқанын еске салды. «Басқа елдерде біз тергеуге қатыса алмаймыз. Құқық қорғау жүйесі әр елде өзінше — ұлттық және егеменді. Ол тергеуді дербес жүргізеді. Содан кейін қажетті нәтижелер мен құжаттар ұсынылады. Бұл жағдайда қазақстандық балалардың улануына қатысты тергеуді Өзбекстанның құқық қорғау органдары жүргізіп жатыр», — деп қорытындылады ол.

Еске салайық, 2 қарашада Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы турнирде өңірді үш жас санаты бойынша жекеменшік футбол мектептері өкіл еткенін хабарлаған. Сол кезде 16 бала, бір жаттықтырушы және 11 ата-ана ауруханаға жатқызылғаны белгілі болды. Олардың барлығы Ташкенттегі қонақүйде тұрып, сол жерде тамақтанғаны атап өтілді.

Ташкентте қонақүйдегі таңғы астан кейін ауруханаға жатқызылған Қарағандыдан келген жас футболшылардың жағдайы туралы Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі айтты. Балалардың жаппай улануынан кейін Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі мәлімдеме жасады. 3 қарашада денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлері мен қазақстандық дәрігерлер Өзбекстандық әріптестерімен байланыста екенін мәлімдеді. Сол күні Ташкентте балалар ауруханаға жатқызылғаннан кейін Өзбекстан прокуратурасы қылмыстық іс қозғағаны белгілі болды.