Петропавлдағы макарон фабрикасында болған қайғылы оқиғаға қатысты тергеу аяқталды: 35 жастағы прессшінің қаза табуына кәсіпорын басшылығы толық жауапты. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің мәліметінше, бір жарым ай бұрын болған жазатайым оқиғаға қатысты тергеу аяқталды. Мамандар болған жағдайға толығымен жұмыс беруші кінәлі деген қорытындыға келді.
«Негізгі себеп — қауіпсіз еңбек тәсілдеріне оқытудағы кемшіліктер. Атап айтқанда, жұмыс беруші қамыр илегішті қауіпсіз пайдалану және тазалау жөніндегі нұсқаулықты әзірлемеген. Қамыр илегішті тазалау кезінде жабдықпен жұмыс істеу тәртібі бұзылған», — деп түсіндірді ведомство бөлімінің басшысы Азат Бейсембин.
Еске салайық, қайғылы оқиға Петропавлдағы макарон фабрикаларының бірінде түнгі ауысым кезінде болған. Жұмысшы қамыр илегішті тазалап жатқанда, агрегат кенеттен іске қосылып кеткен. Салдарынан кәсіпорында 13 жыл еңбек еткен 35 жастағы ер адамды қуатты қалақтар ішіне тартып әкеткен. Алған жарақатынан ол сол жерде көз жұмды.


