Солтүстік Қазақстан облысында екі кәмелетке толмаған баласын тәрбиелеп отырған әйелге қатысты әрқайсысы 10 тәулікке созылған екі әкімшілік қамау жойылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Облыс прокуратурасының мәліметінше, облыс тұрғынына қатысты әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы екі қаулы шығарылған. Біріншісі — қорғау нұсқамасын бұзу фактісі бойынша (Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 461-бабының 1-бөлігі) 10 тәулікке қамау тағайындалған. Екіншісі — ерекше талаптарды орындамағаны үшін (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабының 2-бөлігі) оған да 10 тәулік қамау белгіленген.

Анықталғандай, қорғау нұсқамасымен әйелге өз анасына қатысты жанжалға түсуге және былапыт сөздер айтуға тыйым салынған. Сонымен қатар оған мінез-құлыққа қатысты ерекше талаптар қойылып, спирттік ішімдіктерді ішуге тыйым салынған. Алайда ол бұл шектеулерді сақтамаған.

Сот актілерін зерделеу барысында прокуратура органдары әйелдің 14 жасқа дейінгі екі кәмелетке толмаған баласының анасы екенін анықтады. Бұл мән-жай оған қатысты тағайындалған қамауларды жоюға негіз болады.

Қолданыстағы заңнамада әкімшілік қамау қолданылмайтын адамдар санаты көзделген. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 50-бабының 2-бөлігіне сәйкес, бұл шара, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалары бар әйелдерге де қолданылмайды.

Прокурордың қаралған апелляциялық өтінішхаттарының нәтижесінде қамау әкімшілік айыппұлға ауыстырылды.