Ұлыбритания королі ІІІ Чарльздың ағасы, бұрынғы ханзада Эндрю Маунтбеттен-Виндзордың үйлерінде тінту жүргізілген ордерлер жойылды. Бұл тінтулер оның американдық қаржыгер Джеффри Эпштейнмен байланысын тергеу аясында жүргізілген еді. Тергеу жалғасып жатыр, ал тәркіленген заттар мен құжаттардың тағдырын сот келесі жылы шешеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Лондондағы Жоғарғы соттың судьясы Николас Хиллиард тінтуге рұқсат беру кезінде жіберілген қателіктерге назар аударды. Атап айтқанда, сот полицияның адвокаттық құпиямен қорғалған құжаттарды тәркілеуі мүмкін екенін ескермеген — мұндай материалдар үшін ерекше тәртіп қарастырылған. Эндрю ордерлерге шағымданды, ал полиция олардың заңсыз берілгенін мойындады.
Енді полиция тәркіленген материалдарды сақтап қалуға тырысып отыр, ал бұрынғы ханзада оларды қайтаруды талап етеді. Сот бұл мәселені келесі жылы қарайды.
Эндрю Маунтбеттен-Виндзор — королева II Елизаветаның екінші ұлы әрі ІІІ Чарльздың інісі. Бұрын ол Йорк герцогы атағын иеленіп, ресми іс-шараларда корольдік отбасын таныстырған. Джеффри Эпштейнмен достығынан туындаған жанжалдан кейін ол 2019 жылы бұл міндеттерін тоқтатты, ал 2025 жылы корольдік атақтарынан айырылды.
Эпштейннің құрбандарының бірі Вирджиния Джуффре қаржыгер оны 17 жасында Эндрюмен жыныстық қатынасқа мәжбүрлегенін айтқан. Ханзада айыптауларды жоққа шығарды. 2022 жылы тараптар оның жауапкершілігін мойындамай, соттан тыс келісімге келді.
Қазіргі таңда полиция Эндрю Эпштейнгe құпия мемлекеттік ақпарат берген-бермегенін тексеріп жатыр. Оның 2001–2011 жылдары Ұлыбританияның сауда жөніндегі өкілі ретіндегі жұмысы күдік тудырды. Тергеуге АҚШ-та жарияланған Эпштейн ісінің материалдары себеп болды. 2026 жылғы 19 ақпанда Эндрю ұсталып, жауап алынды да, босатылды. Оған әзірге айып тағылған жоқ, өзі құқықбұзушылықты жоққа шығарады.
Джеффри Эпштейн — соңғы онжылдықтардағы ең резонансты қылмыстық істердің біріне тартылған американдық қаржыгер. 2008 жылы ол кәмелетке толмаған қызды жезөкшелікке тарту ісі бойынша кінәсін мойындап, түрме жазасын алды. 2019 жылы ол адам саудасы және қыздарды жыныстық қанау айыптауларымен қайта ұсталды. Үкім шығарылғанға дейін Эпштейн тергеу изоляторында өзін-өзі өлтірді.
Алдыңғы күні Нью-Йорктегі федералдық сот Эпштейннің сыбайласы Гислейн Максвеллдің үкімін жоюдан бас тартты. Ол 20 жылдық мерзімін өтеп жатыр. Алқабилер оны 2021 жылдың желтоқсанында кінәлі деп таныған. Тергеу дерегінше, 1994–2004 жылдары ол Эпштейнгe кәмелетке толмаған қыздарды тауып, оларды жыныстық қанауға дайындауға көмектескен.
2026 жылғы 30 қаңтарда АҚШ-та Эпштейнге қатысты архивтердің бір бөлігі — хат алмасулар, фотосуреттер мен бейнежазбалар жарияланды. АҚШ Әділет министрлігінің дерегінше, тергеушілер 1200-ден астам құрбанды анықтаған. «Курсив» жазғандай, зардап шеккендерге Bank of America 72,5 млн доллар төлейді.
Құжаттарда Қазақстан 400-ге жуық рет аталады. Бұған дейін «Курсив» аталған есімдердің қатарында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев бар екенін хабарлаған.


