Қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаева марафондық қашықтықтағы спорттық жүріс бойынша XX жазғы Азия ойындарының алтын медалінен аяқ киіміне байланысты айырылды. Енді туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов бұл жағдайға кім жауап беретінін айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ведомство басшысы жағдайды Орталық коммуникациялар қызметінде түсіндірді. Журналистер даудың қазақстандық спортшының пайдасына шешілуі мүмкін екені туралы ақпарат шыққанын еске салып, істің қазіргі жай-күйі мен кімнің жазаланатынын сұрады.
«Бұл жағдай бойынша Федерация белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Арбитраждық сотқа өтініш бердік. Сот шешім қабылдаған соң кінәлілер жазасын алады», — деді Ербол Мырзабосынов.
Оның айтуынша, жалпы бүгінде осындай жағдайлардың болашақта қайталанбауы үшін жұмыс жүргізіліп жатыр.
«Спортшы қолдауға ие болды және оған тиесілі барлық сыйақыны алды. Жарыс ол үшін мұнымен аяқталған жоқ. Алда Олимпиада ойындары тұр», — деп қосты министр.
Еске салайық, Ясмина Тоқсанбаева 27 қыркүйекте XX жазғы Азия ойындарында марафондық қашықтықтағы спорттық жүріс бойынша өнер көрсетті. Ол бірінші болып мәреге жетті, алайда кейін оның нәтижесі аяқ киіміне байланысты шағымданды.
Тексерулерден кейін спортшы дисквалификацияланды, ал Қазақстан құрамасы бір алтын медалінен айырылды. Федерация кейін оған чемпионға қарастырылған барлық жүлде төлемдерін төлейтінін уәде етті.
Кейінірек Тоқсанбаеваға сыйға бір бөлмелі пәтер берілді.


