Стамбулды қатты нөсер жауын соқты. Түркия мегаполисінің көшелері тасқын суға айналып, қайғылы жағдайлар туды. КТК телеарнасының сайтына сілтеме жасай отырып, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі осы күндері Стамбулда жүрген қазақстандықтардың жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бұған дейін Стамбулда 1277 су басу оқиғасы, 15 көшкін және адамдар қақпанға түскен 47 жағдай тіркелгені хабарланған. Құтқарушыларға барлығы 2518 хабарлама келіп түсті. Қалада сабақ тоқтатылып, мотоциклдердің жолға шығуына тыйым салынды.

ҚР СІМ ресми өкілі Жанболат Усенов: «Стамбулда консулдық есепте 1240 қазақстандық тұр. Су тасқынына байланысты қазақстандық азаматтар дипломаттарға көмек сұрап жүгінбеген. Жағдай бақылауда», — деді.

Жетінші арнаның ақпаратынша, көшелерді тасқын суға айналдырған қатты нөсер жүрген Стамбулда қазақстандықтар да бар. Мәселен, ауыр науқас анасымен бірге Стамбулдағы су тасқынынан қазақстандық Жасқанат Сапашев те қашып құтылуға мәжбүр болды.

Олар жарты жылдан бері Түркияда, әйел онда обырдан ем қабылдап жүр. Ол мүгедектер арбасымен жүреді. Алдыңғы күні олар тұрған қонақүйді су басты. Басқа қонақүйге көшуге қатты жауын астында тура келді. Киімдері мен заттары су болды, ал ең қолайсыз сәтте электр жарығы мен су өшірілді. Қазір Жасқанат анасымен бірге сыртқа шығудан қорқады.

«Кеше кешке қарай жауын қатты жауа бастады, біз анама екеуміз бір қонақүйден екіншісіне көшіп жатқанбыз. Дәл көшіп жатқанда электр жарығы да, су да өшірілді. Бұның бәрі шынымен сәл қорқынышты көрінеді, өйткені өмірімде мұндай жауынды бірінші рет көріп отырмын. Кеше анама екеуміз ешқайда шықпадық. Тек көштік те, бітті», — деп әңгімеледі қазақстандық.

Жауын тоқтар емес, болжамдар да жұбатарлық емес, дейді Жасқанат. Оның Қазақстаннан келген студент достары да электр жарығы мен сусыз қалды.

Сонымен қатар, «Туристік Қамқор» қорының ақпаратынша, қазір Стамбулда Қазақстаннан келген 266 ұйымдастырылған турист бар. «Алайда мегаполистегі отандастарымыздың нақты саны әлдеқайда көп. Өйткені бұл статистикаға турагенттіктердің көмегінсіз Түркияға өз бетінше келгендер кірмейді. Ауа райы қолайсыз аймақта қанша қазақстандық болғаны әзірге белгісіз», — делінген сюжетте.