Nintendo Entertainment System приставкасына арналған 1985 жылғы Super Mario Bros. ойынының жабық қаптамадағы данасы 96 875 долларға сатылып, рекорд орнатты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

UPI ақпарат агенттігі Heritage Auctions аукцион үйінің баспасөз хабарламасына сілтеме жасап хабарлағандай, Video Games Signature Auction саудасы 20–21 қарашада өтті. Лотқа қойылған ойын — алғашқы өндірістік тираждан шыққан, күңгірт жапсырмасы бар нұсқа. Оның сақталу деңгейі PSA шкаласы бойынша 9,0 балл деп бағаланған.

Бұл дана бірден екі әлемдік рекорд орнатты: Super Mario Bros.-тың алғашқы тиражының ең қымбат көшірмесі және зауыттық жинағы толық сақталған ойындардың ішіндегі ең қымбаты. Heritage Auctions мамандары бұл мәртебені қорабы ашылған, ойынның өзі қолданылған, алайда жинақта картридж, пайдаланушы нұсқаулығы және бастапқы бөлшек сауда жинағына кірген қалған барлық қосымша қағаздар сақталған тауарларға беретінін түсіндірді.

Сол саудада тағы бір Super Mario Bros. көшірмесі 131 250 долларға сатылды. Ол — екінші тираждан шыққан, ашылмаған, жылтыр жапсырмасы бар және PSA 8,5 деп бағаланған дана.

Heritage Auctions компаниясының бейнеойындар жөніндегі консигнация директоры Эван Мазингиллдің айтуынша, коллекционерлердің NES приставкасына арналған сирек кездесетін ерте басылымдарға сұранысы артып келеді. Себебі сатып алушылар бұл ойынның үй консольдері тарихындағы маңызын түсінеді.